Салауатты өмір салты және денсаулық
Күнделікті өмір салтын өзгерту созылмалы аурулардың алдын алуға, денсаулық пен өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.
Неліктен бұл маңызды?
Әлем бойынша мезгілсіз өлімнің басты себебі — созылмалы аурулар. Олардың ішінде онкологиялық және жүрек-қантамыр аурулары, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, қант диабеті және инсульт алдыңғы орындарда тұр.
Аурулардың дамуының негізгі себептерінің бірі — салауатты өмір салтын ұстанбау. Өмір салтын түзету арқылы ауыр сырқаттардың алдын алуға болады, өйткені олардың 80%-ы тамақтану әдетімен, дене белсенділігімен және зиянды әдеттермен байланысты.
Ойлануға тұрарлық деректер
Салауатты өмір қағидалары
Салауатты тамақтану
Дұрыс тамақтану ең алдымен көптеген ауруларға әкелетін семіздіктің алдын алады. Жеміс, көкөніс, бүтін дән, майы аз ет және майлылығы төмен сүт өнімдерінен тұратын теңгерімді рацион кез келген жаста маңызды. Тамақтануды дұрыс ұйымдастыру үшін диетологпен кеңескен жөн.
Қалыпты салмақ
Дене салмағының индексі 18,5-тен 24,9-ға дейін болса, дене салмағы қалыпты деп есептеледі. Тіпті аз ғана салмақ тастаудың өзі семіздікке байланысты аурулардың алдын алуға көмектеседі.
Толыққанды ұйқы
Ұйқысы бұзылған адамдарда денсаулық мәселелерінің пайда болу қаупі жоғары. 7–8 сағат ұйықтау — жақсы денсаулыққа жасалған маңызды қадам.
Дене белсенділігі
Тұрақты жаттығулар әртүрлі аурулардың алдын алуға ғана емес, кейбір жұқпалы емес ауруларды емдеуге де көмектеседі. Мүлдем қимылсыз болғаннан гөрі жеңіл болса да дене белсенділігімен айналысқан дұрыс.
Күйзелісті бақылау
Күйзелістің жоғары деңгейі аурумен күресуді қиындатады, ал ұзаққа созылған күйзеліс жүйке жүйесін әлсіретеді. Жүйке жүйесі де тамақтану, дене белсенділігі және жеке гигиена сияқты ұқыпты күтімді қажет етеді.
Темекіден бас тарту
Темекі шегу өкпенің созылмалы обструктивті аурулары мен өкпе обырының негізгі себебі, сондай-ақ инфаркт пен инсульттің қауіп факторы. Темекіні тастауға және қауіп факторларын азайтуға ешқашан кеш емес.
Денсаулыққа қамқорлық
Созылмалы аурулардың алдын алу немесе оларды ерте кезеңде анықтау үшін дәрігерге тек шағым пайда болғанда емес, профилактикалық мақсатта да бару керек. Профилактикалық тексеруден өту үшін себеп, шағым немесе белгі қажет емес — тұрғылықты жеріңіздегі емханаға хабарласу жеткілікті.
Қазақстандағы емханаларда белгілі жас топтарына тұрақты скринингтік тексерулер жүргізіледі. Толық ақпаратты учаскелік дәрігерден білуге болады.






