Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету тәртібі
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 30 наурыздағы №49 бұйрығынан үзінді.
МСАК орталығында халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жалпы практика дәрігері, отбасы дәрігері, терапевт, педиатр, орта медицина қызметкері (фельдшер, акушер, кеңейтілген практика мейіргері, учаскелік мейіргер, жалпы практика мейіргері), психолог және әлеуметтік қызметкер амбулаториялық жағдайда және үйде көрсетеді.
Шақыртуларға МСАК дәрігері жұмыс күні ішінде қызмет көрсетеді.
Медициналық көмек Кодекстің 134-бабының 3-тармағына сәйкес пациенттің немесе оның заңды өкілінің ақпараттандырылған келісімі алынғаннан кейін көрсетіледі.
107. Қабылдауға алдын ала жазылу
МСАК дәрігерлері халықты өз бетінше жүгінген кезде алдын ала жазылу арқылы, телефон байланысы, медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшалары немесе «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі — ЭҮП) арқылы қабылдайды.
108. Алғаш жүгінген кезде
Пациенттер әртүрлі ауруларды ерте кезеңде анықтау және олардың даму қаупінің факторларын болдырмау мақсатында қарап-тексеру кабинетінде (әйелдер, ерлер) тексеруден өтеді.
109. Үйде көрсетілетін көмек
МСАК мамандары үйде медициналық көмек көрсетеді: шақыртулар мен активтерге қызмет көрсетеді, патронаждық бақылау жүргізеді және үйдегі стационарды ұйымдастырады. Үйге шақырту МСАК ұйымының тіркеу бөлімі, колл-орталық операторы немесе ЭҮП-дегі «Дәрігерді үйге шақыру» қызметі арқылы қабылданады.
135. Үйге шақыртуды тіркеу
Пациент өз бетінше немесе телефон арқылы МСАК ұйымына жүгінген кезде МСАК мамандары № ҚР ДСМ-175 бұйрығымен бекітілген №056/е «Дәрігерлерді үйге шақыруларды жазуды есепке алу нысанына» ақпарат енгізіп, дәрігердің келетін күні мен уақытын ауызша хабарлайды. «Дәрігерді үйге шақыру» мемлекеттік қызметін көрсетуге сұрау қабылданғаннан кейін үйдегі медициналық көмек белгіленген уақытта көрсетіледі.
136. Үйдегі шақыртуларға МСАК дәрігерлері және/немесе дәрігер болмаған кезде орта медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді.
139. Үйге шақыртуға қызмет көрсетудің жиі кездесетін көрсетілімдері
- Пациенттің МСАК ұйымына өз бетінше баруына мүмкіндік бермейтін жедел ауырсыну жағдайлары:
- дене температурасының 38 °C-тан жоғары көтерілуі;
- жалпы хал-жағдайдың айқын бұзылуымен артериялық қысымның жоғарылауы;
- бірнеше рет сұйық дәрет болуы;
- қозғалыстың шектелуімен омыртқа мен аяқ буындарының қатты ауыруы;
- бас айналу, қатты жүрек айну, құсу.
- Пациенттің емханаға өз бетінше баруына мүмкіндік бермейтін созылмалы ауыр жағдайлар: онкологиялық аурулардың ауыр ағымы, I–II топтағы мүгедектік, салдану, аяқ-қол парездері.
- Айналадағы адамдарға қауіп төндіретін жедел инфекциялық аурулар.
- Пациентті тасымалдау мүмкін болмауы.
- МСАК ұйымдарының жұмыс уақытында жедел медициналық жәрдем станциясынан берілген шақыртуларға қызмет көрсету.






