Туберкулез

0
169
Туберкулез

Туберкулез – ел арасында «құрт ауруы» деген атаумен танымал болған инфекциялық індет. Ол «туберкулез микробактериялары» деп аталатын бактерияларды туындатады. Туберкулезден адамның барлық мүшелері, көбіне өкпесі зақымдалады.

Туберкулездің белгілері

Туберкулездің белгілері организмнің онымен зақымданған ағзасына байланысты.  Өкпе туберкулезінің белгісі – екі аптадан аса уақытқа созылатын жөтел. Жөтелден адам қақырық бөледі, кейде қан түкіреді. Басқа да жиі кездесетін белгілері: қызудың көтерілуі, түнгі тершеңдік, тәбет жоғалту, салмақ тастау, жалпы әлсіздік, тез шаршау. Осы айтылған белгілер байқалған жағдайда, өз қалауыңыз бойынша бекітілген, тұрғылықты мекен-жайыңыздағы емханаға дереу қаралуыңыз қажет.

Туберкулезге тексерілу (жалпы тәжірибелік дәрігер, қақырықты зерттеу (2 рет), микроскопиялық және туберкулез микобактериясына, молекулалық-генетикалық әдістерді жүргізу, сонымен қатар рентгенологиялық тексерулер жүргізу тегін.

Туберкулез қалай таралады?

Инфекцияның негізгі таратушысы – сөйлегенде, түшкіргенде және жөтелгенде айналасына туберкулез микобактерияларын (ТМБ) бөлетін өкпе туберкулезінің ашық түріне шалдыққан науқас адам. Тыныс алғанда тамшылар іспеттес (аэрозольдер) ТМБ адам өкпесіне енеді, сондықтан ауруды осындай жолмен жұқтыру ауа жолымен жұқтыру деп аталады.

Егер иммунитет мықты болса, организмге түскен микобактериялар дерт тудырмайды. Біз тыныс алатын ауа бәріне ортақ болғандықтан, туберкулез микобактерияларын жұқтырудан ешкімге ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан кез келген дені сау адам туберкулез микобактериясын жұқтыруы мүмкін.

Алайда туберкулез микобактерияларын бөлетін науқаспен қатынаста болған адамдардың бәрі бірдей дертке шалдыға бермейді. Науқас туберкулез қоздырғыштарын неғұрлым ұзақ уақыт бөлген сайын туберкулезге шалдығу қаупі күшейе түседі. Науқастың отбасындағы адамдар, достары, әріптестері үшін туберкулез жұқтыру қаупі басым. Туберкулез науқаспен қол алысқанда, онымен ортақ ыдыс-аяқ пайдаланғанда жұқпайды. Өкпеден тыс туберкулез түріне шалдыққан науқастар айналасындағы адамдарға ауру жұқтырмайды, қауіп төндірмейді.

Туберкулездің кездесу жиілігі

Әлем халқының 1/3 бөлігі туберкулез микобактерияларын жұқтырған.  

Оның ішінде олардың 8-10 миллионы жыл сайын туберкулезбен сырқаттанады, 1,5-2 миллионға дейін адам көз жұмады. Қазақстанда жыл сайын 12 мыңнан астам адам туберкулезге шалдығады. Туберкулезбен әрбір адам, оның әлеуметтік мәртебесіне, хал-ауқатына қарамастан шалдығуы мүмкін.

Туберкулез микобактерияларының жұғуы

Туберкулез микобактериялары организмге түскенде, көп жағдайда адам организмінің қорғаныс күштері мен иммундық жүйесі олардың көбеюіне жол бермей тоқтатады. Ондай жағдайда организмде белсенді емес тірі бактериялар қалып, адам ауру жұқтырған болып есептеледі, әйткенмен ол  туберкулезге шалдыққан науқас болып табылмайды. Туберкулездің мұндай белсенді емес тірі бактериялары белсенділікке ие болып көбейіп, дерт шақыруы мүмкін. Туберкулез жұқаннан кейін тез дамуы мүмкін немесе араға бірнеше жылдар салып дамуы мүмкін.

Ауру жұқтырған адамдар жұқтырушы болып есептелмейді және айналасына туберкулез дертін таратушы болып саналмайды:

  • Оларда туберкулез белгілері жоқ;
  • Туберкулин сынамаларына оң реакциялары бар.

Туберкулез дертіне шалдығу дегеніміз не?

Құрт ауруына шалдыққан адам организмінің қорғаныс күштері әлсіреген жағдайда туберкулез микобактериялары белсенділікке ие болып көбейеді. Ауру белгілері адамның қай мүшесінің дертке шалдығуына қарай айқындалады.

АИТВ инфекциясымен өмір сүретін адамдардың туберкулез дертіне шалдығу қаупі басым. Сондықтан туберкулез дертінен сақтандыру үшін оларға 6 айға дейін бір немесе екі туберкулезге қарсы дәрілер қабылдау тағанайындалады. Туберкулез микобактериясын жұқтырғаннан кейін дерттің күшею қаупі мына адамдарда жоғары:

  • Созылмалы ауруларға шалдыққан (қант диабеті, гормонға тәуелді сырқаттар);
  • Ішімдік пен есірткіге тәуелді адамдар;
  • Салмақ жоғалтқан адамдар.

Туберкулез диагнозын дәрігер фтизитрлар мынандай негіздерге сүйене отыра қояды:

  • Ауру белгілеріне;
  • Молекулярлық-генетикалық әдістердің оң нәтижесіне;
  • Микроскопия мен қақырықтың оң нәтижесіне;
  • Өкпедегі рентгенологиялық өзгерістерге.

 

Туберкулезден түбегейлі айығып кету мүмкін бе?

Туберкулез барлық уақытта емделеді! Бұл үшін дәрігер фтизиатрдың белгілеген емдеу курсын толығымен аяқтау қажет (6 айдан 8 айға дейін). Ем 4-5 түрлі дәріні бір уақытта қабылдаудан басталады. 2 немесе 3 айдан кейін дәрігер күнара қабылданатын дәрілерді 2-3 дәріге дейін азайтады.

Әдетте науқас белгіленген дәрілерді 2-3 апта жүйелі түрде қабылдағаннан кейін жұқтырушы болып есептелмейді. Алайда дерттен толығымен айығу үшін және дертке қайта шалдығудың алдын алу үшін ем курстарын 6-8 айға дейін жалғастыру қажет. Туберкулезге қарсы дәрілерді үзіліс жасап қабылдау және толық ем курсын алмау емге көнбейтін туберкулез қаупін тудырады. Мұндай туберкулезді емдеу ұзақ әрі күрделі.

Туберкулездің емі

Туберкулезге шалдыққан науқасты емдеу әдетте туберкулезге қарсы диспансерде басталады. Алайда белгіленген ем курстары емханаларда тікелей бақылаудағы ем кабинеті мейірбикелерінің қарауымен амбулаториялық жағдайда жүргізіледі. Тікелей бақылаудағы ем дегеніміз не? Бұл – күнде дәрі қабылдау үшін тікелей бақылаудағы ем кабинетіне келіп кабинет мейірбикесінің қадағалауымен қабылдау. Науқас айналасына дерт жұқтыру қаупін тудырмайтын жағдайға жеткенде, оның жұмыс істеуіне болады, сондай-ақ оқып, білім алып, ел қатарлы өмір сүре алады.

Туберкулезге тексерілуден және емделуден бас тартқан адам, сондай-ақ дәрі қабылдауды үзген адам сот шешімі бойынша белгіленген ем курсы аяқталғанша мәжбүрлі түрде емделуге жіберілуі мүмкін.

Дәрі-дәрмекке көнбейтін туберкулез дегеніміз не?

Пациент белгіленген дәрілерді араға үзіліс салып қабылдаған жағдайда және толық қабылдамаған жағдайда дәріге көнбеушілік қозады. Туберкулезге шалдыққан науқас дерттен емделу тәртібін бұзып, үзіліс жасағанда немесе толық емделмеген жағдайда, бұл науқастан дерт жұқтырған адамда да дәріге көнбейтін туберкулезге шалдығу қаупі туындайды.

Дәріге көнбейтін туберкулездің туындауына жол бермеу үшін дәрілерді үнемі бақылай отыра, толық қабылдау керек!

Туберкулез қоздырғышы туберкулезге қарсы негізгі дәрілер болып табылатын мынадай екі дәріге – Изониазид және рифамицинге көнбеген жағдайда, бұндай туберкулез көп дәрілерге көнбейтін туберкулез (КДК ТБ) деп аталады.

КДК ТБ 20-24 ай бойы 5-6 туберкулезге қарсы дәрілермен емделеді. КДК ТБ-ны емдеу туберкулезге қарсы диспансерлерде де жүргізіледі. Ем курсының негізгі бөлігі емхананың амбулаториялық тәртібімен, тікелей бақылаудағы ем кабинетінде кабинет мейірбикесінің қадағалауымен жүргізіледі.

Көптеген дәрілерге көнбейтін туберкулез қоздырғышы сондай-ақ, екінші қатардағы инъекциялық дәрілерге және фторхинолға көнбеген жағдайда қоздырғыш шақыратын туберкулез ауқымды дәрілерге көнбейтін туберкулез болып табылады (АДК ТБ). Қазіргі таңда АДК ТБ бүкіл әлемде үлкен қиындықтар тудырып отыр.

Туберкулезді ескерту (алдын алу) үшін қандай шаралар қабылдауға болады?

Туберкулездің таралу қаупін төмендетудің бірден-бір тиімді әдісі-әрбір туберкулез жағдайын дер кезінде анықтау және емдеу!

Халық көп жиналатын орындарды жиі желдетіп, ауасын тазартып тұру туберкулездің таралу қаупін төмендетуге көмектеседі.

Барлық адамдар жөтелу этикасын сақтауға тиіс. Адам жөтелгенде немесе түшкіргенде аузын орамалмен немесе білегімен жауып жөтелуі тиіс. Осы әдістерді ұстана отырып туберкулезбен шалдығу қаупін айтарлықтай төмендетуге болады.

 

Қорытынды

  • Туберкулез – туберкулез микобактериялары қоздыратын инфекциялық дерт.
  • Туберкулез қоздырғыштары науқас адамнан дені сау адамға ауа арқылы тарайды.
  • Туберкулез емделеді! Туберкулезден айығу үшін дәрігер фтизитр белгілеген ем курсын толық қабылдап, аяқтау қажет.
  • Дәрігер тағайындаған дәрілерді араға үзіліс салып қабылдаған жағдайда және ол дәрілерді толық қабылдамаған жағдайда көптеген дәрілерге көнбейтін туберкулез туындайды, туберкулездің бұл түрін емдеу күрделі және әлдеқайда ұзақ уақытты қажет етеді (20–24 ай).
  • Туберкулезден емделу пациенттің дәрі қабылдап жатқан жеріне қарамастан медицина қызметкерінің тікелей бақылауымен жүргізіледі.
  • Туберкулезді тексеру және емдеу – тегін!
  • Адам жөтелгенде немесе түшкіргенде аузын орамалмен немесе білегімен жауып жөтелуге тиіс. Бұл туберкулездің таралуын төмендетеді.
  • Туберкулез жағдайын дер кезінде анықтау және емдеу – туберкулездің таралу қаупін төмендетудің тиімді әдісі.
  • 15 жастан жоғары азаматтар жылына 1 рет флюорографиялық тексеруден өтіп тұруы міндет

 

Ашен Сауле Ахатқызы
Алматы қаласы
ШЖҚ «№ 23 Қалалық емхана» МКК
Бас дәрігері