Қызылша мен қызамықтың алдын алу

0
433

Қызылша – ауа-тамшылы инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы вирустық ауру. Жұқпа адамнан адамға ауа арқылы жөтелу, түшкіру кезінде беріледі. Ауру адамнан адамға ауа арқылы, тыныс алу жолдарының тамшыларымен немесе жұқтырған адамдардың мұрының немесе тамағының бөлінісімен тікелей байланыста болады. Қызылша – адамдар үшін аса контагиозды жұқпалардың бірі, өйткені инфекция көзімен жақын қарым-қатынаста болғаннан кейін қызылшаға қарсы вакцинацияланбаған адамдардың 90%-дан астамы ауырады.

Қызылшаның негізгі белгілері: дене қызуының жоғарылауы, мұрыннан су ағу, әлсіздік, жөтел, ауыз қуысының шырышты қабатындағы ақ дақтар, қызыл түсті ірі біріктірілген дақтар түріндегі бөртпелер, сонымен қатар  жақ асты лимфа түйіндерінің ұлғаюы.

Қызылша, қызамық жұқпасын 14 жасқа дейінгі балалар ауруды қабылдағыш болып келеді, бірақ, қазіргі уақытта сырқаттанушылық ересектер арасында да тіркелуде. Ауырғаннан кейін  адамда инфекциядан кейінгі иммунитет қалыптасады. Сонымен қатар, қызылша жүкті әйелдер үшін, әсіресе жүктіліктің бірінші триместрінде өте қауіпті болып табылады, себебі өздігінен түсік түсуіне әкеліп соғуы мүмкін.

Шамамен қызылшамен ауырғандардың 30%-да бірқатар асқынулар болады. Жиі кездесетін асқынуларға отит, пневмония, іш өту, соқырлық және энцефалит жатады.

Қызамық – адамға ғана әсер ететін антропонозды жіті респираторлық вирустық ауру. Инфекция көзі – қызамықтың клиникалық белгілері айқын немесе жасырын түрі бар науқас адам. Инфекция ауа тамшыларымен (науқаспен сөйлескен кезде, түшкіру, жөтелу, айқайлау, өткір дем шығару, сүйісу кезінде) және вертикалды (анадан ұрыққа) беріледі. Қызамықпен ауыратын науқаста бөртпе пайда болғанға дейін 7 күн және кейін 7 күн басқаларға өте жұқпалы.

Қызамық жүкті әйелдер үшін қауіпті. Жүкті әйел қызамық жұқтырған кезде, вирус анадан ұрыққа плацента арқылы беріледі, бұл ұрықта көптеген туа біткен ақаулардың дамуына және жүкті әйелде түсік түсіру, өлі туылу сияқты асқынуларға әкеледі. Балада көру, есту, жүрек, бауыр, сүйек ішілік зақымдану байқалады. Нәтижесінде бала соқыр, саңырау, жүрек ақауымен, ақыл-ой дамуының кемістігімен туылуы мүмкін.

Қызамық қалай білінеді? Қызамық ЖРВИ-ге тән болмашы симптомдармен өтеді, ал 30-50%-да клиникалық көріністері көрінбейді. Бөртпе алдымен бет терісінде пайда болады, содан соң бүкіл денені дәйекті түрде қамтиды. Бөртпе қызылша сияқты жарқын емес және біріктірілмейді. Кейде бөртпе элементтерінің аймағында аздап қышу байқалады. Әдетте, желке лимфа түйіндерінің ісінуі тән.

Естеріңізге сала кетейік, қызылша мен қызамықтың алдын алудың ең тиімді шарасы 1 жасында вакцинация және 6 жасында ревакцинация жүргізу болып табылады. Вакцинация және ревакцинация Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес балалардың декреттелген жастары арасында жүргізіледі, бұл вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік беріп, вакцинацияланған адамдарда өмір бойғы иммунитет пайда болады. Қызылша мен қызамыққа қарсы вакцинаның әр дозасы баланың иммунитетін күшейтеді.

Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қалалық емханалардың барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі.

№23 қалалық емхана